Алматының цифрлық егізі жасала ма – әкімдік жауап берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Digital Almaty 2023 халықаралық цифрлық форум барысында Алматының цифрлық егізі жақын болашақта жасалатынын хабарлаған болатын. Осы орайда, Алматы қаласының Цифрландыру басқармасынан шаһардың электронды нұсқасын дайындау қандай сатыда екенін сұрадық.
Цифрландыру басқармасының баспасөз қызметі мегаполистің цифрлық көшірмесін жасау – әзірге тек тұжырымдама күйінде екенін мәлімдеді.
- Бүгінгі таңда «Алматы қаласының цифрлық егізі» жобасы тұжырымдаманы әзірлеу және техникалық ерекшелікті қалыптастыру сатысында тұр. «Алматы қаласының цифрлық көшірмесін» құру мақсаты – әртүрлі жүйелер мен деректерді интеграциялау арқылы қалалық инфрақұрылымды басқаруды жақсартуға бағытталған. Бұл қалалық ортадағы өзгерістерді модельдеуге және болжауға мүмкіндік береді. Бұл неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға ықпал етеді, – деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаланы дамыту бағдарламасының «Алматы – Смарт-сити» бағыты аясында мегаполистің цифрлық егізін жасау жоспарланғанын айтқан.
«Қабылданған қаланы дамыту бағдарламасындағы 7 негізгі басымдықтың бірі «Алматы – Смарт-сити» құру. Сингапур және Шанхай сияқты мегаполистерге ұқсас қаланың «цифрлық егізін» құруды бастау жоспарда. Былтыр қыркүйек айында Алматы Almaty Data Lake-бірыңғай деректер қоймасы жобасымен IEEE Smart Cities Awards Contest халықаралық «ақылды қалалар» байқауының финалисі атанды», – деді қала басшысы.
Айта кетейік, цифрлық егіз – бұл физикалық объектінің сандық көшірмесі немесе көрінісі. Цифрлық егіз тұжырымдамасын алғаш рет 2012 жылы Мичиган университетінде доктор Майкл Гривз таныстырған.