Алматының Түрксіб ауданында 1960 жылға дейін салынған 586 үй бар

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы тозығы жеткен тұрғын үй қорының басым бөлігі Түрксіб ауданында орналасқан. 

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында ауданда 1960 жылға дейін салынған 586 үй қайта реновациялауға жататынын айтты.

«Жайлы қалалық орта құру әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі. 2030 жылға дейін тұрғын үйді реновациялаудың жаңа бағдарламасы әзірленді, онда кешенді және тоқсандық құрылыс айқындалды, ескі тұрғын үй иелерінің кепілдіктері және әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарын дамытуды ескере отырып, тұрғын үй қорын жаңарту бекітілді», - деді Ерболат Досаев.

Айтуынша, қалада ескі тұрғын үй ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді.

«2024 жылдың шілдесінде Кассина көшесіндегі 6 жаңа үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындар қоныстанды. Жыл соңына дейін Сауранбаев көшесіндегі тағы 7 жаңа үйді қолданысқа беру жоспарда. Сондай-ақ, Алтай-2 шағын ауданында жекеменшік құрылыс салушы 54 үйдің ішінен 6 үй сатып алды. Бүгінгі таңда екі тоғыз қабатты үйді бұзу және салу жұмыстары жүргізілуде»,- деді қала әкімі.

Бұған дейін, 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы аясында Алматыда 708 ескі үй бұзылып, 683 тұрғын үй салынатыны туралы жазған болатынбыз.