«Алматы-1» темір жол вокзалында 14 қоғамдық тамақтандыру орны сүріліп тасталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Оңтүстік астанадағы «Алматы-1» темір жол вокзалында 14 қоғамдық тамақтандыру орны сүріліп тасталады. Бұл туралы «Вокзал-сервис» АҚ Оңтүстік өңірлік филиалының директоры Эрик Шинтеков мәлім етті.

«14 қоғамдық тамақтандыру орны сүріліп тасталады. «Алматы-2» вокзалында жеке кәсіпкерлермен әзірге ауызша келісімге келдік. Біз оларға перроннан (жолаушылар алаңы) орын беруіміз мүмкін немесе басқа да балама жолдарын қарастыратын боламыз», - деді Э. Шинтеков.   

Сонымен қатар, оның айтуынша, өткен жылы Алматы қаласының Түркісіб аудандық әкімдігінің шешімі бойынша вокзал аумағын жалға алушылардан өздерінің бутиктерін санитарлық және өрт сөндіру нормаларына сәйкестендіріп, ретке келтіру тапсырылған екен.  

«Бірақ, олар 2016 жылға дейін ештеңе істемеді. Кейін, қала әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ бірлесе отырып, дүңгіршектерді алып тастау туралы шешім қабылдады. 

Біз балама жолын ұсындық. Базарларда орын беру үшін біз тіпті Түрксіб аудандық әкімдігімен де келісім жасастық. Бірақ, жалға алушылар мұнымен келіспей отыр. Ал біз оларға тек перроннан ғана орын бере аламыз», - деді ол.   

Ол сондай-ақ, жалға алу үшін алдын ала ақша төлегендердің қаражаттары өздеріне қайтарылатындығын жеткізді.

«Біз 14 тамақтандыру орны бойынша сотқа талап арыз түсірген болатынбыз. Жеті арыз бойынша бутиктерді мәжбүрлі түрде сүріп тастау жөнінде біздің пайдамызға сот шешімі шығарылды. Енді жаңа заң бойынша 30 күн күтеміз. Кейін сот орындаушылары іске кіріседі. Қалған 7 нысан бойынша қазір талқылау жүріп жатыр», - деді Эрик Шинтеков.