Алматы-1 теміржол вокзалында есірткімен Қырғызстан азаматтары ұсталды - Көліктегі ІІД

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат / Айнұр Кенебаева / - Алматы-1 теміржол вокзалында есірткімен Қырғызстан азаматтары ұсталды.

Бұл туралы Көліктегі Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен хабарлады.

Ведомство хабарлағандай, 18 мамыр күні таңертеңгілік уақытта шұғыл іздестіру шаралары нәтижесінде Көліктегі ІІД-нің есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері Алматы-1 вокзалында екі ер азаматты қолға түсірді. Тергеу кезінде анықталғандай, олар Қырғызстан Республикасының 1962 және 1975 жылы туылған азаматтары екендігі анықталды.

Баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, күдіктілерден 242,14 грамм есірткі заты - «героин» тәркіленген.

Аталмыш заң бұзушылық дерегі бойынша қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, қылмыскерлер уақытша ұстау орынына қамалған.

Көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жыл басынан бері есірткі бизнесімен күрес басқармасының тәртіп сақшылары жалпы салмағы 11 килограмм 434 грамм «героин» тәркілеген.