Алматы абақтысында арандату әрекетінің алды алынды

АСТАНА. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Алматыдағы тергеу абақтысында отырғандар жұма күні ұйымдастырмақ болған арандату әрекеттері жүзеге аспай қалды. Бұл туралы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Пенитенциарлық ведомствоның баспасөз қызметінің өкілі Шынар Құсайынованың айтуынша, бүгін Алматыда өңірлік департамент бастығының орынбасары Ирина Якупова мен Алматы прокуратурасының өкілі Ержан Мырзакеровтың қатысуымен осы оқиғаға байланысты брифинг өтті.

Қазір анықталып отырғандай, абақтыда отырғандар шілденің 30-ында туған-туыстарына және жақындарына көмек сұрап қоңыраулар шалған. Нәтижесінде олардың туған-туыстары ЛА-155/1 түзету мекемесінің алдына жиналып, абақтыда отырғандарды көрсетуді талап еткен. Жағдайдың тыныштығына көз жеткізулері үшін ішке бірнеше әйел азамат кіргізілген.

Бұқаралық ақпарат құралдарына таратылған баспасөз баянында атап көрсетілгендей, бұл оқиғаға қатысты жағдайды негізінен абақтыда отырғандардың сырттағы туыстары мен жақындары ушықтырған. Алматы ішкі істер департаментінің ақпараты бойынша, қоғамдық тәртіпті бұзған 38 адам, олардың ішінде бұрын сотталған азаматтар да болып шықты, жергілікті полиция бөліміне жеткізілген, 29 адамның үстінен әкімшілік іс қозғалған.

Абақты қызметкерлеріне мойынсұнбау әрекетін арандатқан тұлғалар анықталды және басқа мекемелерге ауыстырылды. Қазіргі таңда тергеу абақтысындағы жағдай тұрақты, делінген баспасөз мәслихатында.