Алматы ақ ұлпаға оранды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар бүгін нағыз қыс пейзажының куәсі болды. Таңғы 9-дан бері толассыз қар жауып тұр. Қаланың таулы аймағында түскен қар биіктігі қазір 10-15 сантиметрге жетіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көшелер, ғимараттар, ағаштар мен көліктер қардан көрпе жамылды. 

Қаланың мекемелері штаттық режимде жұмыс жасап тұр. Тұрғындар қаланың орталығында жанға жайлы ауа райында демалып жатыр.

Синоптиктердің болжауынша, қар қаңтардың 16-сына дейін әлсін-әлсін жауып тұрады.

Өз кезегінде қаланың коммуналдық қызметтері толассыз жауған қарды тазалаумен айналысып жатыр.

Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, көк тайғақтың алдын алу мақсатында коммуналдық  қызметтер қар жауған кезден бастап жолдарға  тұз бен құм сеуіп, жолдың жүретін бөлігі мен жаяу адамдар жүретін жерлерден қарды күреп, тазалауда. Бұл жұмыстарға 190 құм шашқыш көлік тартылды.

Бүгін сағат 14-00 дейін 1240  тонна мұзға қарсы қоспа материал пайдаланылған.

Жолдың үстіндегі қарды сыпырып тазалау үшін 138 арнайы техникадан тізілген 22 колонна жүруде.  

Бүгін түнде де коммуналдық қызмет өкілдері қар тазалау жұмыстарымен айналысатын болады.

Аудандық әкімдіктерде және қалалық әкімдікте қарды тазалау жөніндегі жұмыстарды бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.
 

Соңғы жаңалықтар