Алматы әкімдігі Астананың қалыптасуына үлес қосқан тұлғаларды марапаттайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Президенттің еліміз астанасын ауыстыру шешіміне қолдау білдіріп, жаңа елорданың қалыптасуына үлес қосқан тұлғалар марапатталатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нақтырақ айтқанда, «Астана - Ардағым» мерекелік сыйлығымен еліміздің бас қаласын көшіру туралы Президенттің шешіміне барынша қолдау көрсеткен және елорданың қалыптасуына үлес қосқан -  өмірінің басым бөлігін Алматы қаласында өткізген алматылықтар мен қайраткерлер марапатталады.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Астана - Ардағым» тұңғыш сыйлығын тапсыру шарасы елорданың 20 жылдығына орайластырылған. Марапаттау рәсімі 10 желтоқсан күні Республика сарайында өтеді.  

Сыйлық 20 номинация бойынша белгіленген, олар: білім мен ғылым, сәулет пен құрылыс, денсаулық сақтау, спорт, өнер, кинематография, журналистика және әдебиет салалары.

Шара бірнеше кезеңнен тұрады - номинанттарды ұсыну, электронды дауыс беру арқылы 20 финалисті анықтау және жеңімпаздарды марапттау.

Әкімдіктен хабарлағандай, іріктеу конкурстық комиссияның бақылауымен  интернетте ашық дауыс беру арқылы өткізілмек. Ол үшін 1 желтоқсанда арнайы сайт ашылып, 5-8 желтоқсан аралығында дауыс беру жүреді.  

«Шараны 10 желтоқсанда өткізу текке алынып отырған жоқ, өйткені 1997 жылдың  дәл осы күні - 10 желтоқсанда Мемлекет басшысының шешімімен астананы  ресми көшіру басталған болатын. «Астана - Ардағым» сыйлығы 2018 жылдың 6 шілдесіне дейін астананың мерейлі мерекесіне орай өтетін алқалы шаралардың алғашқысы болып саналады», - делінген хабарламада.