Алматы әкімдігі екі нысанды уақытылы тапсырмаған мердігермен келісімшартты бұзды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі абаттандыру мерзімін кешіктірген мердігер компаниямен келісімшартты тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселе «Көкмайса» шағынауданындағы Есентай өзенінің жағасын және «Желтоқсан» саябағын абаттандыру жобалары жөнінде болып отыр.

Келісім шарт бойынша Есентай өзені бойында жұмыстар 2022 жылдың 30 тамызында аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігер – «Jasyl el Qyrylys» ЖШС нысанды тапсыру мерзімін бірнеше рет өзгерткен. Бүгінде жұмыстар 80 пайызға орындалған.


2022 жылғы 21 қыркүйекте Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы сотқа талап арыз беруге бастамашылық жасады. Оның қорытындысы бойынша мердігер ұйым («Jasyl el Qyrylys» ЖШС) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы болып танылды. Алматы қалалық сотының 2023 жылдың 23 ақпандағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылды және заңды күшіне енген. Осыдан кейін мердігер ұйыммен келісімшарт үзілді.


Сондай-ақ аталған компания «Желтоқсан» саябағын абаттандыру жұмыстарын аяқтау мерзімін бұзғаны анықталды.

«Есентай өзені бойында аяқсыз қалған жұмыстарға локальді сметалық есеп жасалды, жеткізушіні анықтауға ашық конкурс жарияланды. Конкурстық рәсімдердің аяқталу мерзімі 2023 жылғы 29 тамыз, құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталу мерзімі 2023 жылғы 30 қарашаға дейін.


»Желтоқсан«саябағында бүгінге дейін сыртқы жарықтандыру кабелі мен тіректерін, суару жүйесінің құбырларын бөлшектеу, көгалдандыру, жабынды төсеу, поребрик пен КСП-ін орнату, спорт алаңын монтаждау жұмыстары жүргізілген. Нысанның құрылысын ашық конкурс бойынша анықталған»Интеллект КИПиА Сервис«ЖШС биыл 30 қарашаға дейінгі мерзімде аяқтайды», - деп хабарлады Алматы әкімдігінен.