Алматы әкімдігі «Қайрат» ФК-дағы өз үлесін сатуға шығарды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қайрат» футбол клубының 30 пайыз үлескері Алматы қаласы әкімдігі өзіндегі иелігін сатуға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Электронды сауда алаңы сайтында әкімдік аукцион арқылы өз үлесін сататынын хабарлаған. Аукцион бағаны көтеру жүйесі арқылы сатылмақ. Әкімдік қойып отырған бастапқы баға - 2,03 млрд теңге.

«Қайрат» ФК-ның мемлекеттік 30 пайызы жекешелендіру бағдарламасы аясында сатылымға шығарылды. Футбол клубына жеке мүліктер де қосылған», деп бұл ақпаратты Алматының Қаржы басқармасы «ҚазАқпарат» тілшісіне растады.

Бұған дейін белгілі болғандай, клубтың 70 пайыз үлесі «Globex Energy FZE» жеке компаниясына тиесілі. Алайда, ол компания әкімдіктен қалған 30 пайызды сатып алмаған болатын. Аталған басқармадан соның себебін сұрадық.

«ЖШС-лар туралы Заңға сәйкес, басты пакет иесінде жекешелендіру кезінде мемлекетте қалған үлесті 100 пайыз сатып алу құқығы жоқ. Бірақ, олар аукционға өзгелермен тең дәрежеде қатыса алады», - деді Алматы әкімдігі Қаржы басқармасынан.

Электронды сауда алаңы сайтындағы хабарламаның астында клубтың қаржылық есебі берілген. 20 шілдедегі жағдай бойынша клуб кірісі - 2,3 млрд теңге, шығыны - 4,4 млрд теңге. Жыл басынан бері таза шығыны - 2,1 млрд теңге.

Қаржы басқармасынан мемлекет өз үлесін сатқаннан кейін, клубтың қаржылық есебі қаншалықты ашық болатынын сұрадық. 

«Клубтың басты 70 пайыз пакеті көптен бері жеке компания үлесінде болды. Сондықтан, біз соңғы жылдары олардың клуб саясатына көп ықпал ете алған жоқпыз», - деді аталған басқармадан.

Клубтың медиа-офицері Бағыжан Әбуов «ҚазАқпарат» тілшісіне клубтың жекешелендіру алдында тұрғанын білетінін, бірақ бұл мәселе бойынша пікір білдіруден бас тартатынын айтты.

Аукцион 18 тамызға белгіленген. Сол күні қанша сатып алушы тіркеліп, қаншаға сатылғаны белгілі болады.