Алматы әкімдігі қоғамдық дәретхана сатып аларда жемқорлыққа жол берді ме

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Әлеуметтік желіде Алматы әкімдігі қоғамдық дәретханаларды сатып алу кезінде ірі көлемде ақша жымқыруы мүмкін деген ақпарат тарады. Осыған қатысты жергілікті билік түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желігі ақпарат таратқан автордың сөзінше, Алматы қаласы бойынша сот сараптамалары институтының тауарлық зерттеуі дәретханалардың нарықтық құны 4 785 000 теңге тұратынын көрсеткен.

Ал әкімдік оларды 7 979 954 теңгеден сатып алған.

«Олар қосымша 20 санитарлық-гигиеналық торап сатып алды деп есептегеннің өзінде кем дегенде біреу 63 899 080 теңгені қалтасына басып қалған», - деп атап өтті жазба авторы.

Осыған байланысты Алматы қаласының әкімдігі түсінік берді.

«2021 жылы 30 наурызда Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасы атынан мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы - мемлекеттік сатып алу порталында ҚҚС есептемегенде 178 571 428,57 теңге сомасына 20 дәретхана модулін дайындау және орнату жұмысына конкурс жарияланды. Конкурсқа Алматы қаласының туризм басқармасы тапсырыс берді. Мемлекеттік сатып алу конкурсына 12 компания қатысты. Нәтижесінде «Soft Engineering» ЖШС жеңіске жетті. Ол ең төмен бағаны ұсынды - ҚҚС есептемегенде 142 млн теңге. Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 43-бабына сәйкес 2021 жылдың маусымында жеңімпазбен мемлекеттік сатып алу туралы тиісті шарт жасалды»,- деп жауап берді әкімдіктен.