Әкім орынбасары Алмас Мәдиев Көкжайлау курорты құрылысы жобасының қалай жүзеге асып жатқанын айтты.
«Қазір курорттың техникалық экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Құжатта өңірдің климаттық табиғи жағдайы ескеріледі. Қазір коммуникация мен инфрақұрылым желілері жүргізіліп жатыр», - деді А.Мәдиев Алматыда өтіп жатқан 5-инвестфорум барысында.
Оның айтуынша, бұл жобаның құны өте жоғары болмақ.
«Қазір Көкжайлау жобасын инвесторлармен талқылап жатырмыз. Оның ішінде Еуразиялық даму және қайта құру банкі бар.Бұл жоба біз үшін өте маңызды. Себебі, қаланың туристік әлеуетіне үлкен серпін береді», - деді ол.
«Туризм - қарқынды дамып келе жатқан сала. Тау шаңғысы туризмі жағажай туризмінен 5 есе артық табыс әкеледі. жаңа жұмыс орындары құрылады. Оны дамыту үшін таза ауа керек. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін барынша жағдай жасап жатырмыз. Қалада тұрақты көлік жүйесі қалыптасты», - деді Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар, форум барысында Алматы халықаралық әуежайы қайта жасалатыны белгілі болды.
«Заманауи VIP-терминал, транзиттік аймақтың халықаралық ұшу залы кеңейтіледі. Тамақтану саласында қызмет көрсететін компаниялардың жұмысын жақсартуға халықаралық компанияларды шақырамыз. Әуежай басшылығы екінші терминалдың құрылысын бастау туралы шешім қабылдады», - деді Бауыржан Байбек.
Қала басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстары бірнеше жыл бойы жалғасады. Инвестиция көлемі әзірге белгісіз. Биыл әуежайдың ұшу-қону жолы қайта жөндеуден өтіп жатыр.
Айта кету керек, «Алматы-2020» даму бағдарламасында Алматы қаласында әлемдік деңгейдегі жаңа әуежай, жаңа жолайрықтары және көлік магистралдары (оның ішінде ҮААЖ) құрылысын салу, сонымен қатар логистикалық қызметтерді дамыту, халықаралық көлік, логистикалық хаб ретінде дамыту жайлы айтылған.