Бұл - тапшылықты жою мен мамандардың жаңа буынын қалыптастырудағы маңызды қадам, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалық етуімен өткен кеңесте жергілікті атқарушы органның қаржысы есебінен нарықтың қажеттілігін ескере отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кадрларды даярлау жөніндегі тиісті мәселелер қаралды.
Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің қаржысы есебінен клиникалық мамандықтарды даярлау бойынша 120 грант бөлінді, оның ішінде мақсатты резидентураға (110 грант) және магистратураға (10 грант) және С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне «эпидемиология» мамандығына, Қазақстан-Ресей медициналық университетіне (университеттер мемлекеттік білім гранттарын орналастырудың конкурстық тәртібі бойынша анықталды) берілді.
Бүгінде Алматыда 300-ден астам дәрігер тапшы. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында республикалық бюджет есебінен клиникалық мамандықтар бойынша резидентурада оқуға 38 грант бөлінеді. Әкімдік ұсынатын 120 грант медициналық ақпарат жүйелері деректері негізінде және «Алматы қаласында медицина кадрларының тапшылығын төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» Жол картасын іске асыру аясында, сондай-ақ кадрлармен қамтамасыз ету саласындағы динамиканы ескере отырып жасалған аса тапшы дәрігерлік мамандықтарды даярлауға негізделген. Жалпы, кадрлар тапшылығын алдағы 2-3 жылда жабу жоспарлануда.
Сонымен, гранттар келесі мамандықтар бойынша берілді: анестезиология және реанимация - 35 грант, жұқпалы аурулар - 18, терапия - 10, пульмонология - 6, кардиология - 2, педиатрия - 9, неонатология - 3, неврология - 3, отоларингология - 6, клиникалық фармакология - 2, гастроэнтерология - 6, офтальмология - 3, эндокринология - 3, балалар хирургиясы - 2, травматология және ортопедия - 2, жедел медициналық көмек - 3, физикалық медицина және оңалту - 5, нейрохирургия - 2.
Оқу аяқталғаннан кейін Алматы қаласының мемлекеттік медицина ұйымдарында және қаланың Қоғамдық денсаулық басқармасына бағынышты ұйымдарда тиісті мамандық бойынша 5 жыл жұмыс істеу қарастырылған.