Алматы әкімдігі медицина кадрларын даярлауға 391 грант бөлді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі колледждерде орта медицина қызметкерлерін даярлау үшін 391 грантқа қаржы бөлді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, биыл Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев медицина кадрларының тапшылығын төмендету бойынша Жол картасын бекітті.

Оның аясында медицина саласындағы кадрларды даярлауға 120 грант бөлінді. Резиденттерді оқыту 1 қыркүйектен басталды.

Бұл – тапшылықты жою мен мамандардың жаңа буынын қалыптастырудағы маңызды қадам.

«2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қалада дәрігерлер тапшылығы 215 бірлікті, орта медициналық персонал 400-ге жуық штаттық бірлікті құрады. Орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін олардың колледжде оқуына 391 грантқа қаржы бөлінді. Сондай-ақ КВИ-мен күреске тартылған қызметкерлерді ынталандыру бойынша іс-шаралар көзделген, мамандар үшін 10 пәтер бөлінді, 300 жас маман «Алматы Жастары 3.0» тұрғын үй бағдарламасына қатыса алды»,- дейді Ержан Бабақұмаров.