Бұл туралы «Әлеуметтік туризм: саяхатшылар клубы» халықаралық конференциясында қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Тимур Дүйсенғалиев хабарлады.
«Біз келер жылы «Аружан» қоғамдық қорымен бірлескен жоспар дайындамақпыз. Меніңше, онда бірнеше мәселе қамтылады. Соның бірі бюджет есебінен мүмкіндігі шектеулі туристер үшін ақпараттық тур ұйымдастыру. Осы санаттағы адамдар тобын алып, қала бюджеті есебінен ақпараттық сапар жасатамыз», - деді басқарма басшысы.
«Сонымен қатар, біз тағы бір шараны қолға алмақпыз. Мүгедек жандар үшін қаладағы мәдени, тарихи, ойын-сауық нысандарында қаншалықты жағдай жасалғандығын тізімдейміз. Біз бұл жұмыстардың қалай атқарылып отырғандығын анықтау үшін әкімдіктің бақылау, тексеру әлеуетін іске қосамыз», - деді Т. Дүйсенғалиев.
«Аружан» қоғамдық қоры келтірген ресми деректерге сүйенсек, бүгінде мүгедек балалар мен ересек адамдардың 70 пайызы демалыс пен қызмет көрсету орындарына бара алмай отыр. Оның үлкен бір себебі - мүмкіндігі шектеулі саяхатшыларды қабылдауға бағытталған туризм саласы мамандарының аталған қызметке дайын еместігі.