АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының әкімдігі орналасқан қазіргі ғимарат келер жылы қалалық мәслихатқа беріледі. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматы әкімдігі орналасқан қазіргі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
«Келер жылы Абылай хан мен Әйтеке би көшелерінің қиылысында Алматы қаласының әкімдігі уақытша орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілуі көзделіп отыр. Осыған орай, көктемде реконструкциядан соң, тұрақты түрде орналасу үшін нысанды Алматы қаласының мәслихатына беру туралы шешім қабылдадым», - деді Ерболат Досаев.
Еске салайық, бұған дейін Ерболат Досаев Алматы әкімдігі ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары 2023 жылы «Наурыз» мерекесіне дейін аяқталуы тиіс екенін айтқан болатын.
Думан Арғынгелді
2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қалалық филиалында, «Аягөз жаңалықтары», «Алматы ақшамы» газеттерінде қызмет атқарды. Мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланды. 2021 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.