Алматы әкімдігі тиктокерлерге бейнебаян түсіруге ыңғайлы орын ұсынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тиктокерлермен бірге танымал жастар бағытын қолдау мен оны дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Креативті индустрияны дамыту стратегиясы аясында жастардың өзін-өзі танытуы үшін жағдай жасайтын боламыз. Алматының төрттен бір бөлігі 18 жасқа дейінгі жастар екені белгілі. Жоғары оқу орындарында 168 мың студент, колледжде 68 мың студент білім алады» - деп жазды Б.Сағынтаев Instagram парақшасында.

Қала басшысының айтуынша, біздегі хаустар (тиктокер командасы - авт)10 мың адам ішінен әлем бойынша 2-3-ші орын алады. Танымал ТikTok хаустер тиктокерлері мен продюсерлері тәжірибе алмасуға дайын, дамуға, сондай-ақ жаңадан келгендердің шығармашылығын монетизациялауға көмектесуге дайын.

Ал әкімдік тарапынан жайлы жағдай жасау немесе бейнебаян түсіруге ыңғайлы орын ұсыну бойынша көмек көрсетілетін болады.

Бақытжан Сағынтаев өз жазбасында танымал TikTok жұлдыздарының қала өміріне ат салысып, Алматының туристік брендін қалыптастырып, дамытуға, сүйікті қаламыз туралы әлемге жар салып, қалалық қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге көмектесуге дайын екендігі қуантатынын айтты.


Думан Арғынгелді