Алматы әкімдігі «Южный» саябағындағы құрылысқа тыйым салды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі «Южный» саябағындағы тұрғын үй құрылысына тыйым салды. Аталған саябақта тұрғын үй кешені салынатын жер учаскесі мемлекетке қайтарылатын болды,  деп  хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Бұл даулы мәселе көпшілік талқысына түспейтін болды. Өйткені, «TURKUAZ GROUP OF COMPANIES» АҚ құрылыс салудан өз еркімен бас тартып, саябақтың солтүстік бөлігіндегі жер учаскесін мемлекетке қайтаруға шешім қабылдады.

«Жобаны ашық талқылау кезінде көпшілік саябақ аумағында тұрғын үй кешенін салу жоспарын қолдамады. Сондықтан компания қаланың басқа бөлігінен дәл осындай жер учаскесін алу үшін өзінің жерін мемлекет пайдасына қайтаруға дайын»,  - деді баспасөз қызметінен.

Компания директоры Зеки Пилге осындай міндеттеме қабылдады.

Бұдан бұрын Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясы қабылдауында қала тұрғыны Надежда Ерольская «Южный» саябағында жеке компанияның көп қабатты тұрғын үй кешенін салуы мүмкін екені туралы мәселе  көтерген еді. Өз кезегінде қала басшысы «Нұр Отан» партиясының алаңына қоғамдық тыңдау өткізуді тапсырған болатын.

Саябақ Жароков көшесінің шығысы мен Ходжанов көшесінің солтүстігіне қарай 14,2 га жерді алып жатыр. Қазіргі кезде саябақта реконструкция жүріп жатыр. Оның барысында бұрыннан бар жолдар, жарық және суару жүйелері жаңарып, тұрақты әжетханалар, ит серуендету алаңдары пайда болады.