Алматы әкімдігі заңсыз қоршауларды бұзуға кірісті (ФОТО)
11:30, 17 Наурыз 2016
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі заңсыз қоршауларды бұзуға кірісті. Көктемгі абаттандыру жұмыстары туралы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы хабарлады.
Бұл бағыттағы жұмыстар мамырдың 28-іне дейін жалғасады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаяу жүргіншілердің қозғалысына шектеу келтірген заңсыз қоршаулар алынып тасталады. Атап айтқанда, Құлагер шағын ауданындағы Жетісу ауданы әкімдігінің қоршауы бұзылды. Бұл ЖОО, сауда орындары, офистердің жанындағы заңсыз қоршауларға да қатысты», - деді басқармадан.
Коммуналдық қызметтер қазір солтүстіктен оңтүстікке бағытталған меридиан арықтарды тазалау жұмыстарын аяқтады. Енді шығыстан батысқа бағытталған арықтар жүйесі тазаланады.
Наурыз мейрамынан соң көшені жарықтандыру жүйесінің бағандары, қоршаулар сырланады. Қала бейнесін біркелкілендіру үшін жеке меншік үйлердің қоршаулары бір түске боялады.