Алматы әкімі Ахметжан Есімов қала аумағына жаңадан қосылған жерлерге қатысты кеңес өткізді

АЛМАТЫ. 4 маусым. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Үлкен Алматы өзені аңғарындағы қалаға жаңадан қосылған аумақты абаттандыруға қатысты көшпелі кеңес өткізді. Бұрын бұл жер Алматы облысының Қарасай ауданының құзырында болатын, енді Алматы қаласының Бостандық ауданының қарамағына өтетін болады.

Жалпы көлемі 1330,25 гектар жерді құрайтын жаңа аумақ Алматының одан әрі толыққанды дамуы мен әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында қосылғалы отыр.

Жұмыс сапары барысында қала әкімі ең алдымен экологиялық бекеттерді ретке келтіруді, қалаға қосылған аумақтағы барлық құрылыстардың заңдылығын анықтау үшін оларды инвентаризациядан өткізуді, сонымен қатар, салынып жатқан әр нысанды тексеруді тапсырды.

Сондай-ақ, Ахметжан Есімов суы қорғалатын аймаққа ерекше назар аударды. "Үлкен Алматы өзені стратегиялық қалалық нысан болып табылады, ол Алматы қаласын сумен қамтамасыз ететін, сағатына 223 000 текше метр ауыз су беретін (тұтынудың 47%-ы) негізгі су көзі. Нысан теңіз деңгейінен 2 511 метр биіктікке, Әл- Фараби - Навои айналымынан 28,5 км. жерде орналасқан. Үлкен Алматы өзенінің аңғарында жалпы қуаты 1,5 МВт болатын кіші ГЭС-тің каскады, селден қорғайтын құрылымдар бар. Сонымен қатар, өзеннің бір бөлігінен электрді және суды жинақтайтын коммуникациялық коридор да өтеді. Барлық объектілер Алматыға жұмыс істейді. Аталған объектілерді дұрыс пайдалану әрі салынып жатқан құрылыстарды ретке келтіру үшін Үлкен Алматы өзені аңғарының маңайындағы жалпы аумағы 707,66 гектар жерді қаланың тиісті мекемелері бақылауға алуы тиіс",-деді қала басшысы.

Алматы облысының Қарасай, Талғар, Іле аудандары жерлерінің бір бөліктерінің қалаға қосылғандығы жөніндегі «Алматы қаласының шекарасын өзгерту туралы» Жарлыққа ҚР-ның Президенті биылғы жылдың 12 мамырында қол қойған болатын.