Алматы әкімі Азиада-2011 нысандарында орындалған жұмыстардың сапасын тексерді

АЛМАТЫ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ – Бүгін Алматы әкімі Ахметжан Есімов шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешенінде, биік таудағы «Медеу» спорт кешенінде, сондай-ақ Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында – Қысқы Азиада–2011 нысандарында болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Б.Шолақ атындағы спорт сарайын алдағы жылдың бірінші тоқсанында тапсыру жоспарланған. Әмбебап зал, жаттығу мұз айдыны мен паркинг құрылыстары үшін жер мәселелерін шешу қажет. Қазіргі уақытта шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені бойынша бөлінген қаражаттарды игеру мерзімі мен 2009 жылғы желтоқсанға дейінгі өндірістік жұмыстардың кестесі ұсынылды. Қала әкімі кешеннің техникалық шарттарын тексерді, оның аумағында орналасқан инфрақұрылымдық ғимараттардың құрылыстары бойынша тапсырмалар берді және саябақ өңірін сақтау қажеттілігін атап өтті. Биік таудағы «Медеу» спорт кешенінің техникалық шарттарын тексерді. Мұз алаңы мен тоңазыту жабдықтарын таңдаудың түпкілікті құрастырмалары бойынша мәселелер шешілді. А.Есімов мінбелерді безендірудің, дисплейлерді орналастырудың сызбаларымен және олардың техникалық сипаттамаларымен, сондай-ақ мұз айдынының пайдаланылу мүмкіндіктерімен танысты.Қала басшысы «Capital Partners» ЖШС құрылыс тапсырыс берушілерімен «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешенінің құрылысы бойынша проблемалық мәселелерді талқылады. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының несие бөлу проблемасы орын алып отыр. Бір ай бұрын Мемлекет басшысы «Capital Partners» ЖШС-ға 100 млн. доллар бөлу туралы қор басшылығына тапсырма берген болатын, алайда қазіргі уақытқа дейін бұл қаражатты компания алған жоқ. Сонымен қатар, кездесуде аспалы жолды пайдалану қауіпсіздігі мәселесі көтерілді. Осы проблема қосымша қарауды қажет етеді.