Алматы әкімі барахолка базары бойындағы ретсіз автотұрақтарды жоюды тапсырды
«Солтүстік айналма жолдың бойында Жұмабаев көшесінен Көкмайса ықшамауданына дейін төрт базар орналасқан: «Кенжехан», «Қазына», «Арлан» және «Алаш». Былтыр бұл тасжолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бордюрлер орнатылды. Бірақ қазір жүргізушілер бірінші жолақтан тұрақ жасап алған: 200 теңге үнемдейді, базардың тұрағына кірмейді. Осыған байланысты бұл көшеде үнемі кептелістер болады», - деді аудан тұрғыны.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындык Телібаев тыйым салу белгілеріне қарамастан, такси жүргізушілері бірінші жолаққа тоқтап, жол ережесін бұзып жатқанын айтты.
Ерболат Досаев цифрландыру басқармасының басшысына «Сергек» камераларын орнатуды тапсырды.
«Аталған аумаққа бір «Сергек» камера кешенін орнату керек. Такси жүргізушілері ол жерде автотұрақ жасап алса, енді аздаған айыппұл төлесін. Ақша бар деп ойлаймын, алдағы екі айда камералар орнатамыз»,- деді қала әкімі.
Сондай-ақ ол қалалық Полиция департаментінің басшысына тәртіп бұзушыларға шара қолдануды және аталған аумақтарда патрульдеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Ертеңнен бастап белгіленген аумақта таңертең және кешке уақытта патруль көлігін қойсың. «Сергек» камераларын орнатқанша»,- дейді Ерболат Досаев.