Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында көшелерді ұзарту, мектеп және жол құрылысы, сумен жабдықтау, су желілерін салу жұмыстарының барысы туралы жазды.
«Кезекті жұмыс сапары кезінде инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен таныстым. Медеу ауданына қарасты «Көлсай» сынды ықшамудандардың тұрғындарын толыққанды сумен қамтамасыз ету үшін «Балқаш» су тазарту стансасын толық реконструкциялау мүмкіндігі қарастырылады», - деді Б. Сағынтаев.
Сондай-ақ Алматы әкімі Наурызбай ауданындағы «Таусамалы» ықшамауданына қарасты Қонаев көшесін кеңейту бойынша нысандарды аралады. Нұрлы көшесі мен Абай даңғылын үңгілеу барысымен, «Қалқаман-2» ықшамауданында 1,5 мың орындық мектептің және Ақжардағы өрт сөндіру депосының құрылысын тексерді.
«Тастыбұлақтағы 15 көшеде сумен жабдықтау және су бұру желілері жүргізілді. Жуырда жол жабынын қалпына келтіру басталады. А сфальтбетон қоспасының сапасын з ауыттарда дайындалу сатысында тексеруді тапсырдым. Аудан әкімдігі ғимараты алдында қала тұрғындарының демалысы үшін саябақ салу шешімі қабылданды», - деді әкім.
Бақытжан Сағынтаев «Ақсай-4» ықшамауданындағы 825 орындық №132 гимназия жанында салынып жатқан қосалқы нысанның құрылысын көрді, сондай-ақ Әуезов ауданының аумақтарын абаттандыру жобаларымен танысты. «Алтын бесік» ықшамауданында тұрғындардың өтініші бойынша қоқыс алаңдары тазартылды, онда балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдары салынады.
Бұдан бөлек, мегаполис басшысы №2 коммуналдық парктің өндірістік қуатымен және модернизациялау жоспарларымен танысты. Б. Сағынтаев қарбалас шақта қоғамдық көліктің интервалын азайту бойынша жолаушылар тасымалын ұйымдастырудың жаңа әдістерінің зерделенетінін айтты.