Алматы әкімі дәрігер Юрий Шумковтың отбасына көңіл айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ерболат Досаев кісі қолынан қаза тапқан дәрігер Юрий Шумковтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Белгілі гастроэнтеролог Юрий Шумковтың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл – марқұмның отбасы мен еліміздің бүкіл медицина қауымдастығы үшін нағыз қасірет. Біз отбасылық дәстүрді жалғастырған және ғұмырының 20 жылдан астам уақытын қоғамға қызмет етуге арнаған, адамның өмірін құтқару үшін бар күші мен білімін жұмсаған білікті дәрігерден айырылдық. Оның жарқын бейнесі жадымызда сақталады», - деді Ерболат Досаев.

Еске салайық, 4 сәуір күні Алматыда дәрігер емделуші пациентінің қолынан қаза тапты. Оған аң аулайтын мылтықтан оқ атылған.

Аса ауыр қылмыс қаланың Бостандық ауданында болған. Күдікті қалада енгізілген арнайы жоспар барысында Алатау ауданы аумағында ұсталды.

Сондай-ақ, ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медицина қызметкерін қорғайтын заң жобасы әзірленгенін айтты.