Алматы әкімі Гөзел Манюроваға пәтер кілтін табыс етті

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімі Ахметжан Есімов Гөзел Манюровамен кездесіп, оны Лондон Олимпиадасындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

«Біз аталған айтулы доданы күн сайын көріп отырдық. Атап айтқанда, Алматы спортшысы Олимпиадада лайықты деңгейде өзін көрсете алғаны және жеңіске қол жеткізгені біз үшін ерекше маңызды», - деді А. Есімов.

Өз кезегінде Г. Манюрова қала әкімі мен барша алматылықтар тарапынан қолдау болғанына алғысын айтты. Сонымен қатар ол жарыстарда бұдан әрі қарай да жеңістерге қол жеткізуге тырысып, спорттық наградалар жиынтығын арттыра түсетінін, ал болашақта жас спортшыларды даярлау үшін бапкерлік қызметпен айналысуды жоспарлап отырғандығын жеткізді.

Кездесу соңында әкім Г. Манюроваға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік Гөзел Манюрова Олимпиадада 72 келіге дейінгі салмақта әйелдер күресі бойынша қола медальді еншіледі.