Алматы әкімі қалада салынып жатқан перинатальді орталықтың құрылысы барысымен танысты

АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы әкімі Ахметжан Есімов қалада салынып жатқан перинатальді орталықтың құрылысы барысымен және оның сапасымен танысты.

Орталық үстіміздегі жылдың маусым айында ашылады деп жоспарлануда. Бұл соңғы екі жыл ішінде Алматыда пайдалануға берілетін 8-ші медициналық мекеме болмақ. Жыл аяғына дейін тағы да қосымша 2 медициналық орын пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Перинатальді орталық 150 орындық болмақ. Ол жүкті әйелдер ауыр жағдайда қалған кезде дереу көмек көрсететін медициналық мекеме болады. Орталықта жүктіліктен бастап, іштегі нәрестенің өсіп- жетілуі, оның өмірге келуі түгелдей дерлік бақылауға алынатын болады. Егер сәбидің туғаннан жүрегінде мүкіс болса, онда орталықта бірден арнайы кардиохирургиялық операция, офтальмологиялық лазерлі коррекция, басқа да қажетті шаралар да осы жерде дер кезінде жасалынады. Жүкті әйелдер тұңғыш рет сынақ негізіндегі УЗИ-ге түсіп, диагноздарын дұрыс қойдыруға мүмкіндік алады. Ал, бұл сөз жоқ, дені сау сәбидің өмірге келуіне ықпал етпек.

Қазіргі кезде орталық қажетті қондырғылармен жабдықталуда, қызметкерлер біліктілігін жетілдіруде, түрлі нормативті - құқықтық мәселелер шешімін табуда.

Орталықтағы медициналық қызметтің деңгейін арттыру, заманға сай сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында сирек мамандықтағы дәрігерлер мен медбикелер алыс және жақын шетелдерде білімдерін жетілдіруде. Бүгінде балалар хирургтарының бригадасы Ресейдің Түмен мен Новосибир қалаларындағы ең алдыңғы қатарлы балалардың кардиологиялық орталықтарында арнайы маманданудан өткен. Ал, реаниматологтар, анестезиологтар Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Бергамо мен Берлинде білімдерін жетілдіріп қайтты.