«Райымбек», «Жібек жолы», «Алмалы» стансылары арасын жүріп көрген әкім рельстерді төсеу барысында ең сапалы, заманауи технологиялардың қолданылғанын атап өтті. «Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін рельстер мен жылжымалы құрамды таңдау өте мұқият жүргізілді. Қазір рельстер төселуде. Оны біз жылжымалы құраммен тексеріп тұруымыз қажет. Бүгін алғашқы сынақты жүргіздік. Жұмыс сапасы өте жақсы, вагондар-шусыз, тіпті рельстердің қосылған жерінің міні білінбейді»,- деді А.Есімов.
Алматы метросының алғашқы желісі Райымбек-Фурманов көшелерінің қиылысынан Абай мен Гагарин көшелерінің түйіскен жеріне барады. 7 стансы орналасатын желінің ұзындығы 8,56 шақырым. Қазір бұндағы 4 стансыда әрлеу жұмыстары аяқталған. Ал қалған үш стансы әрленіп жатыр. Бұнда рельс төсеуден басқа, жер үстіндегі жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде.