Алматы әкімі жаңа қалалық гүлзарды қарап көрді

АЛМАТЫ. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат  /Айгүл тұрысбекова/ - Бүгін Алматы әкімі аАметжан Есімов құрылысы тоқтатылған аумақтарды қоршау және абаттандыру бағдарламасы ауқымында Абылай хан - Құрманғазы - Панфилов - Шевченко орамындағы гүлзарда болды,

деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Гүлзарда екі спорт алаңы - футбол және баскетбол алаңы, велотрек, балалардың ойын алаңы жасақталған. Сондай-ақ бұл аймақта сынып тұрған ағаштар кесіліп, ағаштар мен бұталар сәндендірілді, 2 000 текшеметр құрылыс қоқысы шығарылды. Аймақты абаттандыру үшін 45 машинадан астам қара топырақ пен құм төселді, 2 000 шаршыметрден астам асфальт салынды, 3,5 мың шаршы метр алқапқа көгал жасалды, орындықтар, балалар сырғанақ тебетін орындар қойылып, жануарлар мүсінімен безендірілді.

Көгалдандыру шаралары «Автобаза жол-пайдалану учаскесі», АҚ, «Меркурий компани», Отау құрылыс», Силур», «Коммунальник» және «Агросуару» ЖШС инвестициялары есебінен жүргізілді.     

Естеріңізге сала кетейік, қала әкімінің тапсырмасымен бейберекет қоқыс орнына айналған құрылысы салынбаған аумақтардағы қоршаулар алынған болатын.  Бүгінгі таңда құрылысы тоқтаған 75 алаңның 68-інде абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілуде.

«Бұл учаскелерде ешқандай коммерциялық нысандар салынбауы тиіс. Біз қала тұрғындарының тынығуы үшін оларды әдейі абаттандырып отырмыз. Қала қызметтерінің қазіргі басты міндеттерінің бірі - иесіз қалған аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру, оларды алматылықтардың, әсіресе балалардың демалатынын орнына айналдыру», - деп атап көрсетті әкім.