Алматыда екі ынталы күнделікті тілдесуге себі тиетін «Alma club» қазақ тілі клубын ашты.
Аман Мәмбеталиев тарихи отанына 2008 жылы Ресейден көшіп келді. Аманның отбасындағылар қазақ тілінде сөйлегенмен, орыс тілінде білім алады, сондықтан ана тілін сақтап қалу қиын болғанын айтады. Былтыр ол таныстарымен бірге негізгі жұмысынан қол үзбей қоғамдық қызметпен айналысуға келіседі.
Саясаттанушы Ислам Кураевпен Facebook-те танысып, өзіне және достары үшін қазақ тілін үйрететін курс ашуды ойластырады. Алғашқы сабақ Алматыда, шілденің соңында болды. алғашқы сабақтың өзіне 10-ға жуық адам келді.
«Қоғамға пайдасы тиетін бірдеңе жасағымыз келді. Бізге ешкім жалақы төлемейді, біздің мақсатымыз - мемлекеттік тілді тартымды әрі қызықты ету. Халықтарды жақындастыратын да - тіл. Бұған қызығып отырған адамдар біршама», дейді Ислам Кураев.
Курстардың бағдарламасы Қанат Тасыбековтің «Ситациялық қазақ тілі» кітабына негізделген.
«Оқытушыны ұзақ іздедік. Бірақ тәжірибелі оқытушылар жалақы сұрады. Сондықтан жас ынталыларға бет бұрдық. Сөйтіп полиглот Ескендірмен таныстық. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жете меңгерген, оның үстіне тарих пен лингвистиканы жақсы біледі», - дейді бастамашылдар.
Олардың айтуынша, көптеген курстардың әдістемесі ескірген.
«Нашар білетін адамға мол теориялық ақпарат беріп, қызығушылығын кетіреді. Ал мен сөздік қорға көбірек мән беріп, әрбір сөздің мағынасын, тарихын түсіндіремін. Мақалдарға көбірек жүгінеміз. Оқушы осы арқылы халықтың танымын түсіне бастайды», - дейді Ескендір Сағымбеков.
Курстардың форматы English club әдістемесіне ұқсас. Адамдар келіп, педагогтан белгілі бір ақпаратты алады да, оны практикалық сабақта пысықтайды.
«Қазақ тілін мүлде білмей келген адамдар да қазір сөйлем құрап, әңгіменің не жайлы екенін түсіне бастады. Мұнда адамдар кедергілерді жойып, батыл сөйлей бастайды. Менің де оқып жатқаныма көп болды, бірақ үнемі уақыт таба беру қиын. Педагог нағыз интеллектуал, эрудит. Қазақ тілінен тыс Ескендір Қазақстанның тарихын да айтып отырады», - дейді оқушы Игілік Қаңтарбай.
Қазіргі кезде идея республикалық деңгейге көтерілді. Тегін клубтар Алматыдан бөлек Астана, Көкшетау қалаларында да ашылды. Ұйымдастырушылар аталған қалалардан пікірлестерін тауып, ендігіде солтүстік өңірлерде де қазақ тілін дамытуға әзір жанашырларды іздеп жатыр. Алматыдағы сабақтар Достық үйінің базасында өтеді, ал Астанада түрлі ұйымдар, атап айтқанда Кәсіпкерлер палатасы, кітапханалар, мейрамханалар да сабақ өтуге жағдай жасап отыр. Көкшетауда курс енді ғана ашылды, ол қалалық кітапханада өтіп жатыр.
Көктем шыға, ұйымдастырушылар көшеде ашық сабақтар өтіп, қазақ тілінде сөйлеуді қажет ететін экскурсиялар ұйымдастырмақ.