Алматы аудандарындағы санитарлық жағдай 5 балдық жүйе бойынша бағаланады
13:18, 04 Наурыз 2010
АЛМАТЫ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда аудандық әкімшіліктердің санитарлық тазалау және аумақтарды көгалдандыру бойынша жұмысын бағалау бағытында жаңа жоба жүзеге асырылады.
Бұл жоба бойынша әр ауданның санитарлық жағдайы 5 балдық жүйе бойынша бағаланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жоба қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Жоба бойынша қалалық экологиялық инспекцияның өкілдері аудандық әкімшіліктердің өкілдерімен бірге аудандарды аралап, олардың жағдайын бағалайды. Бұл бағытта 1-ші тексеру 22-26 ақпан аралығында өткізілген. Апта қорытындысы бойынша Медеу мен Жетісу аудандары үздік деп танылыпты. Ауданның санитарлық жағдайын бағалауға көшелер мен жүргіншілер жолының, арықтар мен парк, гүлзарлардың, қоғамдық орындардың, қоқыс орындарындағы жағдай негіз етіп алынған.