Алматы әуежайы қалыпты режімде жұмыс істеуде, алайда қауіпсіздік шаралары күшейтілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әуежайы қалыпты режімде жұмыс істеп жатыр, алайда қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлады әуежай басшылығы.

«Алматы халықаралық әуежайы қалыпты режімде жұмыс істеп жатыр. Рейстер кесте бойынша ұшырылуда. Рейстер кешігіп жатса, оған лаңкестік қауіп әсер еткен жоқ. Алайда  қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұрын қаруланған 20 полицей болса, қазір олардың саны 50.

Жолаушыларды мұқият тінтіп жатыр. Барлық кіретін және шығатын жерлерге шлагбаумдар орнатылды», - деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ның  президенті Айбол Бекмұхамбетов.

Бұрын хабарланғандай, Алматы қаласының метрополитенінде де қалада болған оқиғаға байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтілді.  
Еске сала кетсек, бүгін белгісіз біреулер Алматының бірнеше ауданында оқ атқан - қазір қалада ҰҚКД ғимараты, Абылайхан көшесі толығымен және Абай даңғылы қоршауға алынды.
Қарулы қақтығыс нәтижесінде 7 полиция қызметкері ауруханаға түсті. 

Шабуылшылардың бірі құрықталды, тағы бірі - іздеуде. Қалаға «Ұстау» арнайы жоспары енгізілді. Сондай-ақ, террористік қауіптіліктің «қызыл деңгейі» жарияланды.