Алматы әуежайы VIP терминалдың неге жаңа орынға көшірілетінін түсіндірді

АЛМАТЫ. ҚазАқапарат- Алматы халықаралық әуежайының корпоративтік коммуникациялар департаменті VIP терминалдың көшірілуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, VIP терминалды жаңа орынға көшіруге бүкіл тиісті рұқсат берілген.

«Барлық сәндік элементтері сақталған терминал Алматы халықаралық әуежайының аумағында 420 метр радиусқа жылжытылады, сол арқылы ғимаратты тарих және мәдениет ескерткіші ретінде сақтау үшін жағдай жақсарады», - деп хабарлады Алматы халықаралық әуежайының корпоративтік коммуникациялар департаменті.

Жаңа халықаралық жолаушылар терминалы 2024 жылдың жазында ашылады деп жоспарланған.

Айта кету керек, Алматы әуежайының тарихи ғимараты 1947 жылы салынған және Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енгізілген.

«Сәулет ескерткішін жылжыту дегеніміз - оны жаңа орында бар сәндік элементтермен қайта жасау», - деп толықтырды ведомство.

Еске салайық, Алматы әуежайы 2021 жылдың сәуірінде түрік компаниясының меншігіне өткен болатын.

Кейін Алматы әуежайының жаңа халықаралық жолаушылар терминалының тұжырымдамалық дизайны қоғамдық талқылаудан өтті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында оңтүстік астана әуежайының жаңа халықаралық терминалы құрылысына рұқсат берген еді.