Алматы әуежайында тағы да рейстер кейінге шегеріліп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы әуежайында тағы да рейстер кейінге шегеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалада ауа райы ұшақтардың ұшып-қонуына қолайсыздық тудырып тұр, алайда рейстердің кешігуіне басқа нәрсе себеп екені айтылады. Әсіресе, Астанаға бет алған жолаушылар әуежайда еріксіз тосылып тұр.

«Біздің ұшақтың ұшу уақытын осымен 4-ші рет кейінге шегерді. Air Astana бұған ұшу жолағындағы жөндеу жұмыстары себеп болып отырғанын айтты. Қысқасы, рейсіміз 01:00-ге шегерілді», - деп жазды жолаушылардың бірі Facebook-тегі парақшасына.

 Одан басқа да жолаушылар Астанаға ұша алмай тұрғандарын хабарлаған.

Әуежай қызметкерлері ұшу жолағының бірі жөндеу жұмыстарына байланысты жабық тұрғанын нақтылады. Екінші жолақ жолаушылар ұшағын да, жүк таситын ұшақтарды да қабылдауға мәжбүр. Әуежайдың баспасөз қызметі бұған дейін, яғни 28 мамыр күні ұшақтардың кешіктірілуі ұшу жолағындағы бір плитадан ақау шығуына байланысты болғанын да хабарлады. Ол 1 сағат ішінде қалпына келтірілген.

Қазіргі сәтте Астанадан басқа Қызылорда, Шымкент, Ақтау, Атырау сынды қалаларға жолға шыққан жолаушылар ұшағын күтіп тұр. Ал Air Astana және Bek Air компанияларының таңертең елорда бағытындағы рейсі тоқтатылды.