Алматы әуежайында төгілген сұйықтық сынап екені расталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әуежайында сынапты шелекке құйып, жұртты әбігер қылған жолаушы ұсталды.

Алматы халықаралық әуежайының хабарлауынша, 3 қазан күні «Алматы-Тбилиси бағытындағы «Эйр Астана» әуе компаниясының № 141 рейсіндегі жолаушыларды тексеру барысында бір жолаушының қол жүгінен құрамында сынабы бар құтыдағы сұйықтық байқалған. 

«Жолаушының қол жүгінен сұйық зат байқалып, тексергенде, оның сынап екені анықталған. Шамамен 100 мл литр. Осыдан кейін жолаушы ешкімнен сұрамастан, оны қоқыс шелегіне тастай салған. Сынап сонда төгілген. Қазір күдікті ұсталды, Ішкі істердің желілік бөлімінде. Бұл арада әуежай қауіпсіздік қызметінің жедел әрекет еткенін айта кету керек. Оқиғаға қатысты 6 рейс кешігіп ұшты. 3-еуі ішкі рейс, қалғаны халықаралық рейстер. Әуежай штаттық режімде жұмысын жалғастырды», делінген хабарламада. 

Еске сала кетейік бүгін әлеуметтік желілерде Алматы әуежайында ТЖ туралы хабарланған болатын.

«Әуежайда төтенше жағдай. Барлығы эвакуацияланды. Әуе порты қауіпсіздік қызметі «Алматы-Тбилиси» бағытымен сынап алып өтпек болғандардың жолын кескен. Күдіктілер заңсыз әрекетін жасырмақ болып, сынапты шелекке құйып кеткен», - деп жазған еді әуежайдағы әлеуметтік желі қолданушылары.