Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің арнайы сауалына жауап берген қалалық тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімінің басшысы Қалабай Өтепберген айтып берді.
«Алматы әуежайының атауын ауыстыру мәселесі Алматы қаласы әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының жұмыс жоспарында жоқ. Өйткені бұл туралы қала тұрғындары мен қоғамдық ұйымдар тарапынан ұсыныс түскен жоқ. Мұндай мәселе тек ұсыныс болған жағдайда ғана қаралады», - деді Ө.Қалабай.
Оның айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша көшелерге атау беруге қатысты мораторий мерзімі әлі күшінде.
Соған байланысты қала тұрғындарының тұрмыс тіршілігін қиындататын ерекше жағдайларда ғана көшелерге атау беру мәселесі қолға алынып, ономастикалық комиссияда қаралады.
2017 жылы Алматыда бірінші кезекте атауы жоқ немесе атауы қайталанатын көшелердің аты ауыстырылады.
«Алматыда 27 елдімекен қосылғалы бері 457 көшенің атауын өзгертуге тура келеді. Қазірдің өзінде Алматыда 12 Абай, 3 Әуезов, 13 Жамбыл Жабаев, 6 Құрманғазы, 5 Төле би, 3 Қазыбек би, 3 Әйтеке би, 3 Қабанбай, 8 Райымбек, 4 Наурызбай, 8 Қарасай, 4 Байтұрсынов, 5 Сейфуллин, 6 Әлия Молдағұлова, 6 Мәншүк Мәметова, 5 Қонаев көшесі бар. Бірінші кезекте сол көшелердің атауын өзгерту бойынша жұмыс жасалмақ», - деді бөлім басшысы.