Алматы әуежайының бұрынғы қызметкерлері прокуратураға шағым түсірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы халықаралық әуежайының бұрынғы қызметкерлері Алматының Авиациялық көлік прокуратурасына жиналып, заңсыз жұмыстан шығарылғандарын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экс-қызметкерлердің айтуынша, оларды жұмыстан ескертусіз шығарған. Сондай-ақ, олардың орнына біліксіз адамдар келген.

Авиация прокуратурасы бұрынғы қызметкерлердің арыздарын қабылдап, мәселені шешуге уәде берді.

Аталған мәселе бойынша Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі де ресми мәлімдеме жасады.

«Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ға қатысты бұрынғы қызметкерлердің соңғы шағымдары негізсіз. Қызметкерлер өз бастамасы бойынша жұмыстан босатылған. Олармен жасалған еңбек шарттары Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 49-бабының 5-тармақшасына сәйкес бұзылды»,- делінген ресми хабарламада.