Алматы аулаларына орнатылған бейнекамералардың саны - 20 мыңнан асты
Алматы қалалық Ішкі істер департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау және әр түрлі құқық бұзушылық әрекеттерге дер кезінде ден қою мақсатында 2014 жылдан бері қалада бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарын жүргізіп келеді.
«Қазіргі таңда кең көлемді жұмыстар жүргізудің арқасында 4 мыңдай аулаға 20 696 бейнекамера орнатылды. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының өзінде жаңа 3 мыңдай камера орнатылғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, әр түрлі меншік формасындағы 6,6 мың нысанның меншік иелері (олардың ішінде ойын-сауық мекемелері де бар) орнатқан бейнекамералардың саны - 36 мыңға жетті», - деді өз сөзінде Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Жасұлан Байкенов.
Айта кетелік, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында тиісті компаниялармен келісімге қол жеткізілді. Олар бейнекамераларды тегін орнатып береді. Ал тұрғындар ай сайын бейнебақылау жүйесіне қатысты техникалық қызмет көрсету құнын төлеп тұрады.