Алматы ауруханаларында коронавирусқа байланысты жаңа қызмет пайда болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы барлық ауруханаларда коронавирусқа байланысты бас дәрігердің инфекциялық бақылау жөніндегі орынбасары лауазымы енгізіледі. Бұл туралы онлайн-брифингте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қамалжан Надыров медициналық ұйымдар бекітілген режимде алгоритміне сәйкес жұмыс істейтіндігін атап өтті.

– Эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды үйлестіру үшін жағдайға мониторинг жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отыратын коронавирус инфекцияның алдын алу жөніндегі өңірлік штаб құрылды.

– Алматы қаласының аумағында коронавирус инфекция жағдайларының әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша профилактикалық, эпидемияға қарсы іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді.

– Коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша барлық мүдделі қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін қорғау деңгейін күшейту жөнінде тапсырма берген болатын. Істің ағымдағы жағдайын есепке ала отырып, медициналық ұйымдардың ішінде инфекциялық бақылауды күшейту үшін, жақын арада қаланың барлық стационарларында бас дәрігердің инфекциялық бақылау жөніндегі орынбасары лауазымы енгізілетін болады. Бұл госпитальдық эпидемиологтардың мәртебесін көтеруге, білікті мамандарды тартуға және сол арқылы стационарларда тиісті инфекциялық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. МСАК ұйымдарында инфекционистерге, сондай-ақ, қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін айрықша өкілеттіктер берілетін болады»– деді Қамалжан Надыров.