Алматы автобустарында маска тақпай жүрген 1 700 адам анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы автобустарында орнатылған бейнекамералар арқылы 1700 маска режимін бұзу дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жоба тамыз айынан бастап қолға алынған болатын. 2 бағдарда №120 және №65 маршруттардың 4 автобусында 8 камера орнатылды.

«Жолаушылар арасында маска режимін бұзған 1773 дерек тіркелді. 1106 адам маска тақпаса, 667 жолаушы масканы дұрыс тақпаған», - деді брифинг барысында Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ерлан Әділов.

3 автобус жүргізушісі тәртіптік жазаға тартылды.

Осы мақсатта «Көлік холдингі» ЖШС мен «Қазақтелеком» АҚ арасында қыркүйектің соңына дейін 8 маршруттың 32 автобусына ақылды камера орнату туралы келісімге қол қойылды.

1. №25 (4 автобус)

2. №7 (4 автобус)

3. №205 (4 автобус)

4. №137 (4 автобус)

5. №37 (4 автобус)

6. №69 (4 автобус)

7. №38 (4 автобус)

8. №63 (4 автобус)

Жобаға сәйкес маскасыз жүрген жолаушы туралы ақпарат орталық диспетчерге жетеді. Оператор тез арада автобус жүргізушісіне хабарлап, шара қолданады. Маскасыз жолаушы автобустан түсіріледі немесе маска тағуға мәжбүр болады.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Алматы автобустарында ақылды камералар жолаушылардың маска режимін сақтауын бақылайтынын жазған болатынбыз.