Алматы базарынан 30 000 бөтелке алкоголь тәркіленді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 30 000-ға жуық алкогольді ішімдік айналымнан алынып тасталды. Қолдан жасалған өнімдер Алмалы ауданында орналасқан базардан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Департамент қызметкерлері базардан 30 000 бөтелке алкогольді ішімдікті айналымнан алды. Бұл өнім қолдан жасалған. Жалған бақылау маркалары жапсырылған.  Сонымен қатар, жеткізушілерде  арнайы лицензия болмаған. Қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК 214-бабының 1-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды», - деді департамент басшысының орынбасары Қанат Балтабеков.

Жалпы алғанда, жыл басынан бері құны 720 млн теңге болатын 870 мың бөтелке алкогольді ішімдік, құны 1 754,4 млн теңге болатын 13908 тонна мұнай өнімі, 250 мың қорап темекі тәркіленген.

Тек тамыз айында ғана 78 млн теңгенің өнімі айналымнан алынды. Аталған деректер бойынша іс материалдары сотқа берілді.

Департамент мамандары алкогольді ішімдіктің заңдылығын тексеретін Wipon тегін қосымшасын жүктеп алуға кеңес береді.

Қосымшаны Appstore мен Playmarketтен жүктеуге болады.

Акцизді марканы сканнан өткізген кезде аталған өнімнің заңдылығы мен тазалығы туралы ақпарат шығады. Скан мәліметтері сол мезетте ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне түсіп отырады.