Алматы билігі құрылыс саласындағы қазақстандық қамтуды 70%-ға жеткізбек

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы билігі құрылыс саласындағы қазақстандық қамтуды 70%-ға жеткізбек. Бұл туралы бүгін қалалық құрылыс басқармасында өткен жиын барысында белгілі болды.

Шараға қалалық кәсіпкерлер палатасының, құрылыс компаниясының өкілдері және тауар өндірушілер қатысты.

Жиналғандар отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қатынасуын, жекеменшік компаниялардың жұмысын тілге тиек етті.

Көптеген кәсіпкерлердің айтуынша, мердігерлердің арасында шетелдік компаниялардың мүддесін қорғайтындар жетерлік. Әрі конкурстық өтінімнен негізсіз бас тартады. Ұзақ мерзімді келісімшарт жасаудың мүмкін еместігі және бар.

Тараптардың кездесуі барысында тауар, қызмет көрсету, жұмыс саласында қазақстандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысуын ұлғайту мәселесі көтерілді.

Құрылыс басқармасының хабарлауынша, 2015 жылы аталған көрсеткіш 53% болған. Биыл бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу керектігі айтылды.

Айта кету керек, Алматыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында 25 балабақша, 4 мектеп, 1 емхана салынды. Тұрғын үй құрылысына бағытталған 142,8 млрд. теңге инвестицияның 22,1 млрды (15%) бюджет қаржысы, 120,7 млрды (85%) жекеменшік инвестициялар.

Жергілікті тауар өндіруші компанияларға жеке капиталдың қаржысына салынып жатқан жобаларға қатысуға ұсыныс білдірілді.

8 ақпанда отандық тауар өндірушілердің денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік сатып алуға қатысын арттыруға арналған жиын өткен болатын.

Жылдың ортасына дейін энергетика, білім беру, табиғатты пайдалану саласындағы қазақстандық қамтудың үлесін арттыру талқыланатын болады.

Соңғы жаңалықтар