Алматы билігі мәдениет саласына енгізген депутаттардың түзетулерімен келіспейді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мәдениет мәселелері бойынша депутаттық түзетулердің кейбір тармақтарымен Алматы қаласының билігі келіспейді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»ХАА тілшісі.

Бұл жөнінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына депутаттық түзетулерді талқылау бойынша жұмыс тобының көшпелі отырысы барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мәлім етті. Бұрын депутат Бейбіт Мамыраев уәкілетті органға (бұл жағдайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі) мәдени мемлекеттік ұйымдарын құру, қайта құру және тарату бойынша құзыреттілік беруді және осы мәселені  уәкілетті органмен келісуді ұсынған. Айтуынша,  2013-2015 жылдар арасындағы кезеңде 40 мәдени нысан жабылған. Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова министрлік атынан осы норманы қолдады. Бірақ осы ұсыныспен Алматы қаласының билігі толықтай келіспей отыр.

 «Жалпы тұжырымдық нысанда  осы норманы қолдаса да болатын еді, бірақ мәдени нысандарды салу, ашу мәселесін келісу міндетті емес деп есептеймін. Жабу мәселесі бойынша келісемін, оны уәкілетті органмен келісу қажет. Ал әрбір қадамыңды келісу, бұл енді артық. Оның үстіне бюджет жергілікті болса», - деді өз сөзінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев. Талқылана келе осы норма пысықтауға жіберілді.
Отырыс жұмысына Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева, Әлеуметтік-мәдени дамыту комитетінің төрағасы Гүлнар Ықсанова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, мәдениет және спорт, әділет, қаржы, білім және ғылым министрліктерінің, қаланың мәдениет басқармасының жауапты қызметкерлері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, мәдени мемлекеттік ұйымдар және мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарының, шығармашылық одақтардың басшылары, Парламентке кірмеген саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, сарапшылар қатысты.