Париж, Вена, Сан-Паулудан кейін Алматы бір күнде әлемдік желаяқтар астанасына айналып, тарих беттеріне мәңгілік жазылып қалмақ. Келесі күні, 21 сәуірде танымал Бостон марафоны өтеді.
Бұл туралы Алматыда III Алматы марафоны бойынша өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Қайырболат Қайдаров айтты.
"Жарыс жолына 10 мыңға жуық адам шығады. Қазақстаннан басқа Ұлыбритания, Түркия, Литва, Швеция, Ресей, Оңтүстік Корея елдерінің өкілдері де қатысады", - деп атап өтті III Алматы Марафонының директоры Салтанат Қазыбаева.
Сондай-ақ «Астана Моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұловтың айтуынша, оның компаниясы марафон өткізу құрметіне Алматының Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына бір «Жедел жәрдем» машинасын тарту етпек.
Еске сала кетейік, марафон Алматының көрікті орындары арқылы өтеді. Жүгіру кезінде кейбір көшелерде автокөліктерге ішінара жол қозғалысы шектелмек.