Мәлім болғандай, депутаттардың бірі әкімдік басқармасына басшы болып тағайындалса, екіншісінің үстінен іс қозғалған.
Алматы қаласы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанованың айтуынша, «ҚР Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес олардан мандатты алу шешімі шығарылды.
«№12 округ депутаты Ханзада Есенова қалалық басқармаға басшы болып орналасуына, мемлекеттік қызметке кетуіне байланысты одан депутаттық өкілеттілік алынды. Сондай-ақ №24 округ депутаты Айбек Бектұрғановқа қатысты сот үкімі күшіне енуіне байланысты одан да депутаттық өкілеттілік алынды», - деді Жанна Асанова.
Айта кетейік, мәслихаттағы екі бос орынға бұған дейін 15 үміткер тіркелген болатын. 27 ақпанда олардың 6-ауы сайлауға түсуден өз еріктерімен бас тартты. Сондай-ақ ҚР Сайлау туралы заңына сəйкес салық декларациясында көрсетілген мəліметтердің дұрыс болмауына байланысты - 1 үміткер, тіркеу құжаттарының түгел болмауына қатысты тағы 2 кандидат шығып қалды.
Нәтижесінде, №12 және №24 округтер бойынша сайлауға 6 депутат түсетін болды.
Сайлауалды үгіт-насихат кезеңі 2018 жылдың 28 ақпанынан 23 наурызына дейін жалғаспақ.
Сайлау 25 наурызда өтеді.