Алматы-Бішкек автожолы бойындағы «Ақтерек» бекетінде героин тасымалдаушы ұсталды

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы-Бішкек автожолының 59 шақырымындағы «Ақтерек» бекетінде жедел іздестіру жұмыстары барысында 1 келі 750 грамм героин алып бара жатқан Қырғызстан елінің азаматы ұсталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облысы КБД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысы Кедендік бақылау департаменті контрабандамен күрес басқарма қызметкерлері аймақтық жедел қадағалау бөлім мамандарымен бірлесіп жүргізген операция барысында Қордайдан Алматыға бет алып бара жатқан «Ауди-100» маркалы автокөліктен есірткі заттарын тапқан.

Көлікте 1987 жылы туған қырғыздың Ош қаласының азаматы болған. Жеке тексеру жұмыстары кезінде Т. есімді азамат денесіне есірткі заттарын орап алғандығы анықталған.

"Әлеуметтік жағдайының нашарлығы ұсталушыны осындай әрекеттерге итермелеген. Мардымсыз ақшаға бола ол Баха есімді есірткі саудалаушының тапсырмасын орындауға келіскен. Оның денесіне героинді орап, қолына 500 АҚШ долларын ұстатып, белгілеген жерге тауарды тапсыру үшін Алматыға аттандырған", дейді Алматы облысы КБД-нің маманы Анарбек Бекішев.