Алматы бүлдіршіндері Сібірден келген экзотикалық жануарлардың өнерін тамашалады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы бүлдіршіндері Сібірден келген экзотикалық жануарлардың өнерін тамашалады. Қазақ мемлекеттік циркіне Якутиядан Ресейдің «Гаухар циркі» гастрольдік сапармен келді.

Бүгін шетелдік өнерпаздар мүміндігі шектеулі және әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жетім балаларға арнап қайырымдылық қойылым көрсетті.

Келушілер «Мәңгі тоң жылуы» («Тепло вечной мерзлоты») эксклюзивті цирк шоуын тамашалап, аппақ қардай Алхе мен қара көз Бизил арасындағы махаббат дастанына куә болды.

Екі тағдыр, олардың отбасылары - ақ және қара бақсы арасындағы қақтығыс, сондай-ақ мейірім мен сүйіспеншілік сезімін актерлер актробаттық трюктермен, бақсылар шайқасымен, эквилибристика өнерімен баяндай білді.

Мачтадағы, алтыбақандағы, сақиналарды шыр айналдырған акробаттардың өнері көрерменді таң қалдырды.

Спектакль үшін 150 эксклюзивті костюм даярланып, ғаламат декорация жасалды. Алматы жұртшылығы алдында сібірдің бұғылары, аюлары, ақ түлкілері мен лайкалары да аянып қалған жоқ. Сібір циркінің жарқын жұлдыздары - бұғылар. Бұл - бұғы үйрететін әлемдегі жалғыз цирк.

Бұғылардың жаттықтырушысы Екатерина Никифорова өз кәсібінің қыр-сырымен бөлісті.

«Вера, Надежда, Любовь атты үш бұғымыз бар. Олар шамамен бір жасында жабайы табиғаттан әкелінді. Содан бері қолымызда. Ең алдымен манежбен таныстырдық. Сосын атын атап үйрете бастадық. Әрине, басында тұяғымен соғып жіберетін. Ал ақ түлкілер де жыртқыш болғандықтан тістеп алатын. Олардың мінездері әр түрлі. Адам сияқты. Бұғылар ягель деген мүкпен қоректенеді. Ол тек тундрада өседі. Басқа еш жерде жоқ», - деді Екатерина Никифорова.

Оның айтуынша, жануарлар фура камазына тиеліп әкелінген. Сбірден Қазақстанға жету үшін жарты ай уақыт кеткен. Жануарлармен бірге ветеринар арнайы еріп келген. Бұғыларды қоректендіру үшін 500 қап ягель әкелінді. Өйткені, Сібір жұлдыздары 6 айлық гастрольдік сапар барысында Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Түркменстан, Балтық елдеріне сапар шегеді.

Якутия циркінің бас директоры Сергей Расторгуевтың айтуынша, өнерпаздар Алматыда 11 қазанға дейін болады. Кейін Қарағанды, Шымкент, Астана қалаларында өнер көрсетеді.

Жылы температураға онша бейімделмесе де Сібір жануарлары өздерін әзірге жақсы сезініп жатыр.

«Аса жылы ауа райы болса бұғылардың мүйіздері түсіп, түлкілер мен иттер түлей бастайды. Біз Якутиядан шыққанда күз болатын. Алматы өте жылы екен. Бір ай ішінде жануарлардың денсаулығы сыр бере қоймас деп ойлаймыз», - деді Сергей Расторгуев. Якутия циркінің бас директоры Алматыға үшінші рет келіп отыр екен. Ең алғаш Қазақ циркі қалыптаса бастаған кезде 45 жыл бұрын жас жонглер болып келген. Сол кезде әріптестері Алматыда қалуға өтініш білдірген екен. Алайда, ол өз білімін туған елінің циркін дамытуға салған.

«Цирктің мерейтойына келіп кеткен болатынмын. Астанада да болдым. Алматылықтар бізді өте жылы қарсы алды. Ауа райы да жылы. Адамдары да жылы жүзді», - деді ол.

«Гауһар цирк» Солтүстік полюстегі Саха Республикасының Якутск қаласында орналасқан. Саха Республикасының (Якутия) («Гауһар») Мемлекеттік циркі - Арктикадағы жалғыз цирк.