Алматы циркінде жаңажылдық «Қар ханшайымы» ертегісі көрсетіле бастады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы мемлекеттік циркінде «Қар ханшайымы» атты жаңа жылдық ертегісі қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қар ханшайымы» қойылымы Дания елінің атақты жазушысы Ханс Кристиан Андерсен жазған ертегінің желісімен ұсынылған.

Ертегінің сюжеті бойынша қара күштер жақсылыққа қарсы тұрады, тек шынайы достық қана зұлымдықты жеңеді.

Бұл шоуда әуе гимнастары таңқаларлық өнер көрсетеді. Олардың ең жасы - жетіде. Оның атасы - ҚР еңбек сіңірген қайраткер

Құрманғали Досбатыров циркте 50 жыл жұмыс істеген. Қазір ол әуе акробатикалық жанрдағы әртістерді дайындайды.

«Немерем 4 жасынан бастап айналысады. Оның әкесі де циркте жұмыс істейді. Бұл - Данаттың қойылымға екінші рет қатысуы. Немерем сондай-ақ спорттық гимнастикамен де айналысады», - дейді Қ.Досбатыров.

Ертегінің ең жас қатысушысы Данат Досбатыров Қар ханшайымы сиқырлағысы келетін Кай есімді баланың рөлін ойнайды.

«Қойылымға әкем және атаммен бірге дайындалдым. Болашақта цирк әртісі, атап айтқанда гимнаст болғым келеді», - дейді жас әртіс.

Жаңажылдық ертегідегі Қар ханшайымының рөлін Бүкілресейлік «Цирк ханшайымы» фестивалінің қола тәжінің иегері, Монте-Карлода өткен IX «Жаңа ұрпақ» халықаралық цирк өнері фестивалінің күміс жүлдегері Анастасия Демидова ойнады.

«Бүгін біздің қойылымда өте жас әртістер бар. Білесіз бе, маған балалармен жұмыс істеу өте қызық. Олар шынайы уайымдап, табиғи эмоцияларын көрсетеді. Бұл деген тамаша»,- дейді цирк әртісі.

Айту керек, арнайы бағдарлама үшін жарқын сюжетке бай ерекше сценарий жазылды. Жаңа костюмдер тігіліп, ерекше реквизиттер жасалды.

Жаңа бағдарлама арқылы режиссерлік-қойылымдық топ көңіл көтеруден бөлек, білім және тәрбие беру міндеттерін де қойды.

Сондай-ақ, цирктің кішкентай көрермендері ендігі кезекте әйгілі ертегімен цирк қойылымы арқылы таныса алады.

Алматылық көрермен үшін жаңажылдық бағдарлама 18 желтоқсаннан 2022 жылдың 9 қаңтарына дейін ұсынылады.

Спектакльдің ұзақтығы үзіліспен бірге 2 сағатқа созылады.