Алматының барлық егу пунктерінде вакцинациямен қатар халықты COVID-19-ға қарсы ревакциналау да жүріп жатыр.
Бірінші кезекте қайта вакцинаны халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандар алады.
Олардың қатарында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медицина қызметкерлері, мұғалімдер және созылмалы ауруы бар осал топтардың азаматтары және тағы басқалары бар.
№1 қалалық клиникалық аурухананың эпидемиолог дәрігері Эльмира Ауғалиеваның айтуынша, емханада аурудың алдын алу және таралуын болдырмау мақсатында қызметкерлер QazVac, Vero Cell, Pfizer, Sputnik лайт вакциналарымен егілді.
«Бүгінгі күні №1 қалалық клиникалық аурухананың 445 қызметкерінің 417- сі ревакцинациядан өтті. Қалған 28 маман ревакцинация уақыты келгенде егіледі», - деді ол.
Сонымен қатар, дәрігер бірқатар вакцинаның үшінші дозасы енгізілгенде инфекцияны «бейтараптандыратын» антидене деңгейі жоғарылайтынын атап өтті.
«Қазақстандықтардың вакцинацияға, оның ішінде тұмау мен коронавирусқа қарсы екпеге деген көзқарасы әртүрлі. Біреуі дәрі-дәрмекке сенбейді, енді бірі асқынудан қорқады. Жаппай егу - қазіргі денсаулық сақтаудың ең тиімді профилактикалық үлгілерінің бірі», - дейді эпидемиолог.