Алматы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Ахметов қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

У.Ахметов қызметінен өз еркімен кетті.

Оның міндетін уақытша қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Исабеков Нұржан атқаратын болды.

Соңғы екі жылда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру едәуір өсті. Тек 2017 жылдың өзінде ғана 9 жаңа нысан салынды. Қалаға қосылған елді мекендерді медициналық инфрақұрылымға қолжетімді етуге ерекше назар аударылды. Толық жабдықталған жаңа 40 автокөлік алынып,  жедел жәрдем паркі 25 пайызға жаңарды.

Медициналық туризмді дамыту қарқынды жүруде. Халыққа стационарлық және осыған ұқсас көмек көрсетуде жеке медицина ұйымдарының үлесі артты. Мысалы, жеке инвестиция есебінен Репродуктивті медицина институты - ЭКО орталығы құрылды.

Міндетті медициналық қамсыздандыруды енгізу бойынша қарқынды жұмыстар жүзеге асты. Қалада бүгінгі күні 1 млн. 800 мыңнан астам адам медицина ұйымдарында тіркелген.

Орта Азия елдері мен Қазақстанда алғаш рет Алматы қаласы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты қалалар» жобасына енді.

№4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде сырқатқа кешенді көмек көрсетудің «Emergency room» жобасы жүзеге асты.

Алматының денсаулық сақтау жүйесі Универсиаданы өткізу кезінде алға қойған міндеттерді ойдағыдай атқарды. Екі көппрофильді стационар базасында тікұшақ қонатын алаң салынды, соның арқасында науқасқа заманауи медициналық көмек дер кезінде көрсетілді.

Алматыда денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп келеді. Мысалы, балалар өлімі ( 1 жастан 2 жасқа дейін) 2,5 есе төмендеген, туберкулёзге шалдыққандарды амбулаториялық жолмен емдеу 2 есе өсті, соның арқасында осы сырқаттан қайтыс болатындар саны 36%-ға төмендеді. Тыныс алу органдары ауруларынан, тұмау, жұқпалы және басқа да ауру түрлерінен қайтыс болатындар қатары азайды.