Бұл ауқымды мәдени шараға «Қазкоммерцбанк» пен Қазақстан музыка қайраткерлері одағы қолдау көрсетуде.
Бұл туралы «Қазкоммерцбанк» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Төрт күн бойы театр сахнасында алматылықтар мен мәдени астана қонақтары алдында әлемдік опера сахнасының шеберлері дирижер -Кристиан Санду (Румыния), тенор Диего Кавадзин (Италия), баритон Джанфранко Монтрезор (Италия), тенор Георгий Ониани (Германия), баритон Тамер Пекер (Түркия), сопрано Ирина Иордаческу (Румыния), бас Кирилл Борчанинов (Өзбекстан) өнер көрсетеді.
Қазақстаннан бұл өнер мерекесіне халықаралық аренада танылған дирижер Алан Бөрібаев, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншілері Дина Хамзина, Жұпар Ғабдуллина, Гүлзат Дәуірбаева, Болат Есімханов, Сара Ещанова, Бейбіт Қожабаев және басқалары қатыспақ.
Вердидің опералары адамзаттың тамаша мәдени мұраларының бірі. Театр сахнасында Вердидің 5 операсының қойылымдары өтуде.
«Әлемдік музыка тарихына Джузеппе Верди опералық өнердің реформаторы, ірі реалист-композитор ретінде енді. Вердидің идеялық-көркемдік кемелдігі, шығармашылығының гуманистік бағыты оның операларын бүкіл әлемде танымал етті. Бұл фестиваль қазақстандық мәдениеттің музыка өнерінің ұлы классигіне деген құрметін көрсетеді», - деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің құттықтауында.
Фестиваль ауқымында әлемдік өнер шеберлерінің шеберлік сабақтары өтеді. Фестиваль бағдарламасында Вердидің екі танымал шығармасы «Травиата» және «Аида» опералары, солистерге және оркестр мен хорға арналған «Реквием» орындалады. Фестиваль дәстүрлі гала-концертпен аяқталмақ.