Жоба ұйымдастырушысы Эльчин Хамедовтың айтуынша, кездесу қайырымдылық мақсатқа жайылған дастархан аясында өтіп, мәдени, зияткерлік қойылымдар сахналанған.
«Елімізде балалар үйі мен қарттар үйіне қамқорлық жасайтын ерікті қозғалыстар көп. Дегенмен, екі сегментті бір шаңырақ астына біріктіретіндей платформа жоқ. Жобамыздың мақсаты бір реттік акциямен шектелу емес, өз тәжірибемізді Қазақстанның барлық өңірлеріне таратсақ дейміз. Балалар үйі мен қарттар үйінде өтетін шаралар бөлек-бөлек ұйымдастырылмай, бірге өткізілуі керек», - дейді Эльчин Хамедов.
Оның айтуынша, балаларға да, қарияларға да үнемі қоғам назары жетіспей жатады. Мұндай қамқорлық түрі Қазақстан үшін тың болғанымен, Батыс елдері үшін қалыпты көрініс.
«Баларға ылғи да ересектердің назары жетіспейді. Кез келген балалар үйінің тұрғынын әңгімеге тартсаңыз, ашылып шыға келеді. Қарттар да дәл солай, кез келгені баламен сөйлесуге құмар. Бұл қажеттіліктерді бір арнаға бұруға болады», - дейді жоба авторы.
Ерекше форматтағы шараға ұйымдастырушылардан бөлек 50 адам қатысты. Шараның қаншалықты тиімді болғанын арнайы шақырылған психологтар кейін жазбаша бағалап, қорытынды шығарады. Қарттар үйінің бір тұрғыны Татьяна Надеина кезінде 10 жыл бойы балалар үйінде жұмыс істепті.
«Бұл кездесу екі буынға да пайдалы. Өзім 10 жыл жұмыс істеген балалар үйін тек атынан ғана таныдым. Қыздардың бірі мені танып қойды. Танитын жөні де бар. Өмірімнің елеулі бөлігі сонда өткен еді. Ұйымдастырушыларға рахмет. Балалардың психологиясын жақсы білгендіктен, бұл кездесудің оларға өте пайдалы екенін сезіп отырмын. Бізге де ол артық болмайды», - дейді Татьяна Надеина.
Кездесу барысында «Жанұя» балалар үйі мен қарттар үйінің директорлары әріптестік жөнінде меморандумға отыратын болды. Ал еріктілер арасында акция жарияланып, барлық өңірлер оған атсалысуы тиіс. Республиканың әр өңірінде осындай кездесулер өткізіліп, егде буын мен балғын буынның арасындағы сабақтастыққа жол ашылмақ.